Accessibility links

Мұрат Әуезов: Долда Кеңешұлының еңбегі бір институттың істейтін жұмысымен тең


Бүгін Шыңжан қазақтарының рухани мәдениеті туралы 7 томдық кітаптың тұсаукесері болады. Кітаптағы деректерді жинап, құрастырған Долда Кеңешұлы.

Бұл кітап туралы Азаттыққа мәлімет берген мәдениеттанушы Мұрат Әуезов: «Бұл кітап қазақ халқынан сүйінші сұрауға тұрарлық дүние болды деп есептеймін. Шыңжандағы қазақтардың ауыз әдебиеті мен музыкасын жинақтап шыққан еңбектің авторы Қытайда тұрып, кейіннен Қазақстанға оралған бауырымыз. Мәселен бізде сыбызғының 12-ақ әуені бар екен, бұл кітапта отыздан астам әуен түрі келтірілген, бұл жан-жақтағы шашырап жүрген қазақтар үшін үлкен жәдігер, қазақтар үшін үлкен олжа деп білемін. Музыка мамандары бұл бір кездегі қазақтың ән-күйін жинаған А. Затаевичтің еңбегінен бір де кем емес деген пікірде. Сол жақтағы қазақтарға тән мақал-мәтелдер мен сандаған күйлер де осы кітаптан орын алған. Жеті томдық бұл қазынаның жарық көруіне демеушілік танытқан ұлтжанды азамат Иманғали Тасмағамбетов. Әрине, ол кісі туралы да қоғамда сан түрлі әңгіме айтылып жүр, кім қалай десе де оның бұл кітапқа сіңірген еңбегін айтпай кетуге болмайды. Кітаптың редакциясын жасап, деректерді әдеби сүзгіден өткізген ақын Ұлықбек Есдәулет. Ал автордың еңбегін құрастырушылықтан жоғары қоюымыз керек, бұл деген үлкен бір институттың істейтін жұмысы. Қазақтың рухани байлығының молаюымен барша қандастарымызды құттықтаймын», — деді.
XS
SM
MD
LG