Accessibility links

Грузия: 2 оппозиция көсемінің ұлдары жараланды


Грузиядағы «Біріккен оппозицияның» көсемі Леван Гочечиладзенің ұлы Гага жексенбіге қараған түні Тбилисидегі «Матрешка» мейманханасында жарақат алды. Белгісіз қаскүнемдер оның кеуде тұсына пышақ салды. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, пышақ жүрегіне бірнеше сантиметр ғана жетпеген. Әйтсе де пышақ маңызды дене мүшелеріне тимей, бозбаланың өміріне қатер жоқ көрінеді.
Аурухананың бас дәрігері Гаганың емханадан жуырда-ақ шығатынын айтады.
Көрнекті оппозициялық саясаткердің ұлын пышақтаған оқиға Грузияны қатты дүрліктірді. Леван Гочечиладзенің өзі бұл қастандықтың саяси астары бар деген пікір негізсіз емес деп есептейді. Өйткені, бұл оппозиция қайраткерлерінің жақын туыстарына қарсы бағытталған жалғыз қастандық емес. Екі апта бұрын тағы бір оппозиция өкілі Сулхан Молашвилидің ұлын да белгісіз қаскүнемдер жаралап кетті.
Ал Гага Гочечиладзе тура бір күн бұрын «Грузияны қорға» атты жаңа оппозициялық қозғалыс құрған соң пышақталды.
Грузияның ішкі істер министрлігі бұл қатардағы қылмыс, бозбалалардың арасындағы төбелесті саясаттандырудың қисыны жоқ деп мәлімдейді.
XS
SM
MD
LG