Accessibility links

Қоғамның қарсылығын тудырған заңға президент қол қойып жіберді


ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Интернетке мемлекеттік бақылау орнату туралы заңға қол қойды. Енді Қазақстанда барлық интернет ресурстар, оның ішінде форумдар, блогтар, чаттар мен электрондық кітапханалар баспасөз құралдарына теңелді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 24-маусым күні, Қазақстан баспасөзінің мерекесі қарсаңында Алматыда оппозициялық саяси қайраткерлер мен журналистер өткізген наразылық митингісінде «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілов «Біз қазір үндемей қалсақ, «БАҚ туралы» заңға қаралып жатқан түзетулер қабылдануы мүмкін. Ал ол қабылданған жағдайда біз оқитын бір де бір басылым қалмайды және «Хабар» мен «Қазақстаннан» басқа телеарнаны көре алмайтын боламыз. Оған қоса интернетті ауыздықтаса -әлеммен байланысымыз үзілетін болады — деген еді.

Сондай-ақ аталған заңның қабылдануына қарсы болған көптеген ұйымдармен бірге Журналистерді қорғау комитеті де Қазақстан президентін Интернетті бақылайтын заң жобасына вето қоюға шақырған еді. Комитеттің Еуропа мен Орталық Азия бойынша бағдарламасының үйлестірушісі Нина Огнянова Азаттық радиосына берген сұхбатында:

«Қазақстан парламенті мақұлдаған бұл заң жобасы бірнеше айдан кейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болатын мемлекет үшін сәтсіз қадам. Бұл Қазақстанның адам құқықтары мен баспасөз еркіндігі жағдайына қатысты кері қадам деп ойлаймыз. Біз президент Нұрсұлтан Назарбаевты аталған заңға вето қоюға шақырамыз», — деген болатын.
XS
SM
MD
LG