Accessibility links

Ашхабадта Арал теңізіндегі су ресурстарын басқару мәселесі талқылануда


Бүгін Ашхабадта Аралды құтқарудың халықаралық қоры құрылтайшы мемлекеттерінің Алматыда өткен саммитінің қорытындысы бойынша аймақтық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі халықаралық кездесу басталды, — деп хабарлайды АҚХҚ атқару комитетінің хатшылығы.

Бұл жиынға БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуродақ ұйымдарының жетекшілері мен АҚХҚ атқару комитеті және Орталық Азияның бес мемлекетінің өкілдері қатысады. Кездесу барысында Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын басқару мен аймақтық экологиялық мәселелер талқыға түспек. Жиын соңында қатысушылар біріккен тұжырымды құжатқа қол қоймақ.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, осы жылдың 15-мамыры күні Алматыда өткен халықаралық донорлық ұйымдардың алғашқы кездесуінде БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы Аралды құтқарудың халықаралық қоры (АҚХҚ) құрылтайшы мемлекеттер басшыларының бірігіп қабылдаған құжаттарының орындалу барысын талқылаған болатын.

Аралды құтқарудың халықаралық қоры ( АҚХҚ) 1993 жылы құрылған. АҚХҚ президенттері болып Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан мемлекеттерінің басшылары сайланған еді. 2008 жылдың тамыз айынан бастап оның кезекті президенті —Қазақстан Республикасының мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
XS
SM
MD
LG