Accessibility links

Қазақстан журналистері араша сұрағанымен, «АРТ» телекомпаниясы жабылатын болды


Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы ауданаралық экономикалық соттың «АРТ» телекомпаниясына қатысты шешімін күшінде қалдырып, жауап берушінің аппеляциялық шағымын қанағаттандырған жоқ.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 10 маусым күні ауданаралық экономикалық сот «АРТ» телекомпаниясының хабар тарату жұмысын тоқтатуға және 2001 жылдың тамыз айындағы БАҚ есебінде тіркелгені туралы ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі берген куәлікті жоюға үкім шығарған болатын.

Қарағанды облыстық прокуратурасы ұлт араздығын тудырды деп «АРТ» телекомпаниясының үстінен сотқа шағым түсірген. Бұған SMS-чат арқылы 21 наурыз күні теледидар экранына шығарылған экстремистік –ұлттық мазмұндағы мәтін себеп болған.

Ал телеканал басшылары болған жағдайды техникалық ақаулықпен түсіндіреді. Экранға шыққан хабарлама қазақ тілінде, ал хабарламаны сүзгіден өткізетін техникалық қызметкер қазақ тілін білмейтін болған.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық телерадиохабарларын тарату ассоциациясы, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры, Қазақстан журналистер одағы, сондай ақ Internews Network-тің Орта Азиядағы өкілділігі сынды қоғамдық журналистік ұйымдар ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің атына Қарағандыдағы «TV-арт» телеарнасы мен прокуратура арасындағы даудың телеарнаның жабылуына әкеп соқпауын, сол үшін сотта оң шешім қабылдауға ықпал етуін сұрап ашық хат жазған болатын.
XS
SM
MD
LG