Accessibility links

Болат Тазабеков: Даниал Ахметовтің қандай да бір қылмысқа қатыстылығы туралы мәлімет жоқ


Әскери прокуратураның ресми өкілі Болат Тазабековтің хабарлауынша, бұрынғы қорғаныс министрі Даниал Ахметовтің қандай да бір қылмысқа қатыстылығы туралы Әскери прокуратураға ешқандай ресми мәлімет түспеген.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров сәуір айының 10-ы күні Ақмола әскери гарнизон соты Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маермановтың қамауға алынғанын, оған 82 миллион АҚШ доллары көлеміндегі республикалық бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаған деген айып тағылғанын мәлімдеген болатын.

Бұл қаржы «Найза» дүркіндете ататын реактивтерін сатып алуға және «Семсер» мен «Айбат» артиллерия жүйесін қайта жаңғыртуға бөлінген. Ал Қорғаныс министрінің орынбасары Қажымұрат Маерманов осыны жүзеге асыру барысында израилдік компаниямен келісімшарт жасасқан. Алайда, жоспарланған заманауи жабдықтардың орнына көнерген дүниелер алынған.

«Тергеу ісі барысында жоғарыда аталған келісімшарттардың қорғаныс министрінің орынбасары генарал-лейтенант Қажымұрат Маермановтың басшылығымен жасалғаны анықталды. Ол 2006 жылдан бастап аталған фирмалардың мүддесін қорғап келген. Реактивті жүйелерді алу үшін 190 миллион доллардан артық қаржы жұмсалған. Бірақ ол жабдықтарды пайдаланбай жатып, 80 пайызы істен шыққан», — деді Кенжеболат Бекназаров.

Бұған қоса 9-маусым күні өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттің мүлкін жымқырды деген күдікпен тұтқындалған Қорғаныс министрлігінің құрылыс және әскери қызметкерлерді қоныстандыру жөніндегі бас басқармасының бастығы Әнуарбек Оразалиновке қатысты қылмыстық іс қозғалған.
XS
SM
MD
LG