Accessibility links

Алмазбек Атамбаев: Біз бұл сайлауды да, Құрманбек Бакиевтің заңдылығын да мойындамаймыз


Қырғызстан оппозициясының жалғыз кандидат Алмазбек Атамбаев елдегі президент сайлауының заңсыз өткендігін мәлімдеп, осыған байланысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Құрманбек Бакиевтің инаугурациясы мен 1- тамызда Шолпан атада өтетін ҰҚШҰ-ның отырысына қатыспауын сұрайды, — деп хабарлайды ҚазТАГ.

«Нұрсұлтан Назарбаевты мен бұрыннан білемін, жақсы сыйлаймын, онымен кездесіп, әңгімелескенмін. Ол — саясаттағы патриарх. Ол Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы бірегей көшбасшылардың бірі. Сондықтан мен оның мынау фарсқа қатыспауын сұраймын», — деді Алмазбек Атамбаев.

Бұдан бұрын Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы сайлауда жеңіске жеткен Құрманбек Бакиевтің 83,8% дауыс алғанын, ал Алмазбек Атамбаевқа 7,92% дауыс берілгенін хабарлаған болатын.

Ал Алмазбек Атамбаевтың сайлау штабы оны 60% дауыс алды деп есептейді. Штабтың бағалауынша, 23-шілдеде өткен сайлау бұрмаланған, сол себепті Құрманбек Бакиев заңсыз президент болып табылады.

«Біз бұл сайлауды да, президент Құрманбек Бакиевтің заңдылығын да мойындамаймыз, халық басқа адамды сайлады, ал сайлау комиссиясы біздің дауыстарымызды ұрлап алды», — деді Алмазбек Атамбаев.

Оның айтуынша, 29-шілде күнгі жергілікті сағат 10-нан бастап бүкіл елде наразылық акциялары басталады.

Сондай-ақ ол Құрманбек Бакиевтің туған күні — 1-тамызда өтетін ҰҚШҰ-ның отырысы мен президенттің таққа отыру рәсіміне Орталық Азия мемлекеттері басшыларының қатыспауларын сұрауда. 23-шілдеде бас көтермек болған халықты тоқтатқандығын айтқан ол елдің ҰҚШҰ жиынын бұзып, жолды жауып тастамақшы екенін жеткізді.

Мәскеуге барып, Дума депутаттары мен саясаткерлерге болған жағдайды баяндамақшы оппозиционер: «біздің елдегі ахуал қауіпті болып тұр», — деді.
XS
SM
MD
LG