Accessibility links

Джордж Бушқа қастандық жасауға дайындалған американдық қалған өмірін түрмеде өткізетін болды


АҚШ соты елдің бұрынғы президенті Джордж Бушқа қастандық жасауға дайындалды деп айыпталған араб текті американдық Ахмед Омар Әбу Әлидің ісін қарап, оған берілген 30 жыл бас бостандығынан айыру жазасын «жеңіл» деп санағандықтан, үкімді өмір бойы түрмеде отыруға ауыстырды, — деп хабарлайды Ассошиэйтед Пресс.

2006 жылдың наурыз айында Әбу Әлиді федералдық сот АҚШ аумағындағы террористік «әл-Қаида» ұйымының жұмысына қолдау көрсетті және АҚШ президенті Джордж Бушқа қастандық жасаудың жоспарын дайындады деп айыптап, 30 жыл түрмеде отыруға үкім шығарған еді.

Өткен жылы Вирджиния штатының аймақтық апелляциялық соты үкімнің «өте жеңіл» болғанын мәлімдеп, істі қайта қарауға қаулы шығарған.

Судья Джеральд Брюс Ли (Gerald Bruce Lee) Әбу Әлидің «әл-Қаидамен» ынтымақтастығына өкінбегенін, сол себепті түрмеден шыққан жағдайда АҚШ-қа қауіп төндіруі мүмкін екенін басшылыққа алып, соттың үкімін өзгерткенін мәлімдеді.

Тергеу мәліметтері бойынша, Әбу Әли өз сыбайластарымен Джордж Бушты өлтірудің екі сценарийін дайындап, талқылаған. Ал оның Вирджиниядағы пәтерінен «әл-Қаиданың» жетекшісі Усама бен Ладен, халықаралық террорист Айман әл-Завахирилерге байланысты құжаттар мен кітаптар және «жиһадқа» шақырған аудиожазбалар табылған.
XS
SM
MD
LG