Accessibility links

«Азат» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы соққыға жығылды


Тараз қаласында «Азат» демократиялық партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Якобжан Жүнісбеков соққыға жығылды. Бұл туралы "Азат" партиясының баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Басынан аяғына дейін қара киінген, шымыр денелі белгісіз біреулер партия өкілінің басынан темір затпен ұрған.

Сенбі күні күндізгі сағат 14. 30 шамасында кеңседен үйіне қайтқан Якобжан Жүнісбеков көлігін тоқтатып, заттарын қолына алып, үйінің кіре берісіне жақындай бергенде сол маңда отырған екі жігіт орындарынан тұрып оған қарсы жүрген. Олардың біреуінің қолында шоқпар мен пышақ болған.

Соққыдан жерге құлаған оны тепкілей бастағанда, көршілері көріп қалып шу шығарып, бұзақылар қашып кеткен. Сол күні көп мөлшерде қанын жоғалтып, миы шайқалған филиал жетекшісіне операция жасалды. Жағдайы жақсарған соң ол палатаға ауыстырылды.

Партия өкілдері осы оқиғадан бергі уақыт ішінде сараптама жасау туралы қаулы шығарылмағанын, қылмыстық іс те қозғалмағанын айтып отыр. Жағдайды анықтау үшін Таразға барған «Азат» демократиялық партиясы төрғасының орынбасары Маржан Аспандиярова мен партияның орталық аппаратының жетекшісі Қадыржан Асқаровтар облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Үсенбаевпен және облыстық ІІД басшысы М. Шабанбаевпен кездесті, олар бұл істі бақылауға алуға уәде берді.

Ақпан айында «Азат» демократиялық партиясы Жамбыл облыстық филиалының кеңсесіне ұрлыққа түскен белгісіз біреулердің кеңсені тонап, заттарды шашып кеткенін хабарлаған болатынбыз.
XS
SM
MD
LG