Accessibility links

Қытайдағы қақтығыста зардап шеккен қазақстандық қайтып оралды


Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық республикасының орталығы Үрімжіде болған қақтығыс кезінде зардап шеккен Қазақстан азаматы Уәлихан Дүкімбаев елге оралды, — деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Шыңжаң провинциясының орталығындағы бейберекетсіздіктер кезінде ауыр жараланып, бір аяғы мен қабырғалары сынып, басына зақым келген семейлік 20 күн бойы Үрімжі ауруханасында емделген болатын. Астана арқылы Семейге жеткен ол емнің қалғанын туған жерінде жалғастырады.

Уәлиханның айтуынша, ол оқиға болған күні көшеде таксимен келе жатқан. Көліктің жолын кес-кестеген бұзақылар оны таксидің ішінен шығарып алып, соққыға жыққан.

5 -шілде күні кешкі сағат 20-ның шамасында Үрімжідегі тәртіпсіздік кезінде адамдар соққыға жығылып, машиналарға және басқа да орындарға өрт қойылып, ұрлық-қарлық сияқты оқиғалар орын алған.

Шілденің 7-сі күні ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Ілияс Омаров Қытайдағы қақтығыста құрбан болғандардың арасында қазақстандықтар жоқ деп хабарлаған болатын.
XS
SM
MD
LG