Accessibility links

Қырғыз оппозициясы наразылық шеруіне шықпақ


Қырғызстан оппозициясынан ел президенттігіне жалғыз үміткер болған Алмазбек Атамбаевтың хабарлауынша, бүгін қырғыз оппозициясы 23-шілдеде өткен президент сайлауының заңсыздығына байланысты сайлау қорытындысымен келіспейтіндіктерін мәлімдеп, наразылық шеруіне шықпақ.

«Елдің біріккен оппозициясы азаматтарды 29-шілде күні өздерінің құқықтары мен бостандықтары үшін бұрмаланған сайлауға қарсылық ретінде бейбіт шеруге шығуға шақырады», — деді Атамбаев.

Оның айтуынша, мұндай митингілер белгілі бір мерзімде ғана өткізілмейді және заңсыздық пен диктатураға қарсы ұзақ да табанды күрестің басы болмақ.

Сайлаудан кейін «Ресейдің шақыруымен» Мәскеуге барған оппозиционер Дума депутаттарымен және бірқатар саясаткерлермен «елдегі болған жағдайдың шындығын баяндамақ мақсатта» кездескенін айтады.

Сондай-ақ ол билік қарсыластарының сайлау қорытындысындағы қағаздарды Конституциялық сотқа беріп, сайлауды заңсыз деп тануды сұрайтындықтарын жеткізді.

Бұдан бұрын Алмазбек Атамбаев: «Біз бұл сайлауды да, президент Құрманбек Бакиевтің заңдылығын да мойындамаймыз, халық басқа адамды сайлады, ал сайлау комиссиясы біздің дауыстарымызды ұрлап алды», — деген болатын.

Сондай-ақ ол Құрманбек Бакиевтің туған күні — 1-тамызда өтетін ҰҚШҰ-ның отырысы мен президенттің таққа отыру рәсіміне Орталық Азия мемлекеттері басшыларының қатыспауларын сұраған еді.
XS
SM
MD
LG