Accessibility links

ҰҚК Әскери институтының басшысы отставкаға кетті


Ұлттық Қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаровтың хабарлауынша, ҰҚК Әскери институтының басшысы Бауыржан Елубаев отставкаға кеткен. Генерал-майор Бауыржан Елубаев Қараой кентіндегі полигонда оқ-дәрілер қоймасының жарылысы бойынша тергеудің аяқталғанын күтпестен атқарып отырған қызметінен босату туралы рапорт берген.

Бұның алдында инфаркт алған 62 жастағы генерал бұл шешімін денсаулық жағдайына байланысты деп түсіндірген.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биылғы маусымның 8-нен 9-на қараған түні Алматы облысы Іле ауданындағы Қараой кентінен 1 шақырымдай жерде орналасқан Алматы облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2466-шы әскери бөлімінің оқ-дәрілер қоймасында жарылыс болып, соңы өртке ұласқан, соның салдарынан 20 жастағы жедел қызметтегі әскери қызметкер Н.В.Овчаренко қаза тапты.

Қазақстан әскери прокуратурасының хабарлауынша, өрт әкелген материалдық шығынның көлемі 100 миллион теңгеден асады. Төтенше жағдайдың себептері зерттелгеннен кейін әскери прокуратура 24 жастағы келісім-шартпен қызмет етуші әскер, оқ-дәрілер қоймасының бастығы Евгений Хоменконы осы іске кінәлі деп тапты. Ресми орындар оның үйінен тінту барысында қоймадан ұрланған әскери патрондар табылғанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG