Accessibility links

Қазақстан азаматтары электронды құжатты иелене бастады


Қазақстан азаматтарына жеке куәліктің жаңа үлгісі беріле бастады. Жаңа куәлікті екі күн ішінде мыңнан аса азамат иеленген. Бұл электронды құжат азаматтарға 10 жыл мерзімге беріледі.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында бұл куәліктің чипіндегі ақпаратты оқи алатын арнайы қондырғылар орнатылады. Жаңа құжат Қазақстан азаматтарының өзге елдерге баруы үшін де жарамды болып табылады. ҚР Әділет министрлігі, Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетінің төрағасы Марат Шабақбаевтың айтуынша, әзірге бұл құжат ТМД арасында жүруге жарайды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ресми БАҚ-да жарияланған үкіметтің қаулысына сәйкес, бұған дейінгі берілген төлқұжаттар жарамдылық мерзімі біткенше қолданыла береді. Сондай-ақ бұл қаулыда шетелдіктердің қоныстануына берілген ықтиярхаты да қарастырылған.

ҚР азаматтарының жеке құжаты 85,72 х 54,03 миллиметр көлеміндегі берік те көпқабатты материалдан жасалған смарт-карта пішіндес, сырты қазақтың ұлттық оюларымен безендірілген. Құжатта оның иесі туралы электронды мәліметтер жинақталған, жадының қабілеті 64 Кб-тан кем емес микросхема орнатылған.

Құжаттың беткі жағында иесінің суреті мен қолы қойылып, аты-жөні, туған күні, айы, жылы мен дербес идентификациялық номері жазылады, ықтиярхат та осындай параметрлермен жасалады.
XS
SM
MD
LG