Accessibility links

Сот Қазақ радиосының бұрынғы қызметкерін жұмысына қайта қабылдауға шешім шығарды


Алматының Бостандық аудандық сотында Қазақ радиосының жұмыстан заңсыз шығарылған бұрынғы қызметкері Гүлбану Мүшірованың арыз-шағымы бойынша сот тыңдаулары аяқталып, сот дыбыс жазу және монтаждау бөлімінің дыбыс операторы Гүлбану Мүшірованы өз жұмысына қайта қабылдауға шешім шығарды, — деп хабарлайды «Әділ сөз» халықаралық қоры.

Соттың шешімі бойынша Гүлбану Мүшірова осы жылдың 8-қарашасынан бастап жұмыс орнына қайта қабылдану тиіс, сонымен бірге оған жұмыстан мәжбүрлі түрде себепсіз қалғаны үшін 140 730 теңге, моралдық өтемақы ретінде 50 000 теңге төленуі тиіс және оны жұмыстан босатқан биылғы жылдың 3 және 13-шілдесіндегі бұйрықтар заңсыз деп танылады.

Гүлбану Мүшірованың құқын сотта адвокат Гүлнар Мұратқызы мен «Әділ сөз» халықаралық ұйымы қоғамдық сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова қорғады.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биылғы жылдың 3-шілдесінен бері жұмыссыз отырған Қазақ радиосының дыбыс жазу және монтаждау бөлімінің дыбыс операторы Гүлбану Мүшірова өзінің жұмыстан шығарылуының заңсыз екенін айтып, соттан 10 млн теңге моральдық шығын өндіріп беруді талап еткен болатын.
XS
SM
MD
LG