Accessibility links

Қазақстан президенті төтенше жағдайлар құрбандарының отбасыларына көмек көрсетуге тапсырма берді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Атыраудағы құлаған көпірден және Талдықорғандағы наркологиялық диспансердегі өрттен құрбан болғандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетуге тапсырма берді, — деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің адам өліміне әкелген қайғылы жағдайлар туралы есебін тыңдап, Алматы мен Атырау облысының әкімдеріне құрбан болғандардың отбасыларына материалдық көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды.

Талдықорғандағы наркологиялық диспансердің емдеу-сауықтыру ғимаратында жексенбі күні болған өрттен 37 адам құрбан болған, 14 –і ауруханаға түскен, өрттің жалпы аумағы 400 шаршы метрді шарпыған.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, өткен жұма күні кешке Атырау қаласында жаңадан салынып жатқан көпірдің бір бөлігі Жайық өзеніне құлаған. Оқиға болған сәтте көпір үстінде жұмыс істеп жатқандардан екі адам құтқарылып, үшіншісі ауруханаға жеткізілген. Ертеңіне бес адамның денесін құтқарушылар судан тауып алған, қалған үш адам іздестірілуде.
XS
SM
MD
LG