Accessibility links

Алматыда Жовтисті қолдау акциясы басталды


«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы мен тәуелсіз журналист Сергей Дуванов бүгін түскі 12-де Алматының Арбатына шығып, адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтиске қатысты шығарылған сот шешіміне наразылық акциясын бастады.

Осылайша олар «Бүгін - Жовтис, ертең - сен!» атты акциясын жалғастырды. Оқиға орнынан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, акция өткізуші екеуге прокуратура өкілі ескерту жасаған.

Әр сәрсенбі сайын өткізіліп келе жатқан көпшілік акцияны екі апта бұрын журналист әрі саясаттанушы Виктор Ковтуновский бастап, өткен аптада оны тәуелсіз журналист Андрей Свиридов қоштаған еді.

Бұл екеуі де қоғамдық орында заңсыз акция өткізгені үшін әкімшілік жауапқа тартылды: Ковтуновскийге 32 мың теңге, Свиридовке 12 730 теңге айыппұл салынды.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис 3 қыркүйекте жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
XS
SM
MD
LG