Accessibility links

«Голос Республики» газеті шығарылатын баспаның барлық мүлкі тәркіленді


Қаржы полициясы қыркүйектің 24-і күні кешке Алматыдағы "Комета S" баспасының барлық мүлкін тәркіледі. Бұл баспада «Голос Республики» газетінің жұма күнгі саны мен ресми тіркеуде жоқ «Алға» партиясының бюллетендері басылуы тиіс болған.

Баспа директоры Юлия Козлованың айтуынша, бейсенбі күні кешке қаржы полициясының ондаған қызметкері мекеме ғимаратына кіріп, рұқсат қағаздарын көрсетпестен, барлық өнімдерді, есеп-қисап қағаздарын, баспаның құжаттарына дейін алып кеткен.

Козлованың айтуынша, төрт сағат бойына баспа қызметкерлерін өндіріс цехынан шығармай, ғимараттың бір қақпасы құлыпталып, екінші жолды азаматтық формадағы бес жігіт бөгеп тұрған.

Психологиялық қысымға шыдай алмаған бір жұмысшының қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдеммен ауруханаға жіберілген. Тағы төрт қызметкерді тергеу үшін қаржы полициясына алып кеткен.

Түнгі сағат 22-лер шамасында баспаның есіктері құлыпталып, мөр басылған қағаздар жапсырылды. Баспа мүлкін тәркілеушілер журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

Бұдан бұрын, 18 қыркүйек күні Алматыдағы «Время-принт» баспасында «Республика - деловое обозрение» газетінің сол күнгі саны тәркіленіп, ал "Комета S" баспасында тексеру жүргізілген болатын.
XS
SM
MD
LG