Accessibility links

Жовтисті қолдап шара өткізген азаматтарға айыппұл салынды


Сәрсенбі күні Алматыда «Бүгін - Жовтис, ертең - сен!» акциясын өткізген азаматтарға айыппұл салынды.

Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты журналист Жанна Байтеловаға 5 орта айлық есептік көрсеткіш (1 орта айлық көрсеткіш 1273 теңгеге тең) көлемінде айыппұл салса, азаматтық қоғам белсендісі Ольга Оразбековаға 10 орта айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу туралы шешім шығарылды. Ал студент Ринат Исаевқа тек ескерту жасалды.

Бұл азаматтар Арбат алаңында «Жовтиске бостандық берілсін!» деп дауыстап ұрандатқан болатын. Акция шамамен жарты сағатқа созылды. Олардың үстінен әкімшілік кодекстің 373-ші бап, 1-ші бөлімі бойынша іс қозғалды.

Қыркүйек айының басынан бері сәрсенбі сайын өткізіліп келе жатқан көпшілік акцияны журналист әрі саясаттанушы Виктор Ковтуновский бастаса, наразылық акциясын журналист Андрей Свиридов, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы мен журналист Сергей Дуванов әрі қарай жалғастырды.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 3 қыркүйекте 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. «Жовтис ісі» бойынша апелляциялық шағым 20 қазанда қаралады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG