Accessibility links

Жовтисті, Есіргепов пен Кучуковты қолдау акциясына полиция араласпады


Сәрсенбі күні түсте Алматыдағы Арбатта адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтисті, журналистер Рамазан Есіргепов пен Тохнияз Кучуковты қолдау акциясы болып өтті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, ондаған адам қатысқан акцияны полиция сырттай бақылап тұрды. Акция бейбіт жағдайда өтті. Тек прокуратура өкілі «Бүгін - Жовтис», ертең – Сен!» деп жазылған плакатпен шыққан журналист Ғалым Ағелеуовке ескерту жасады.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер деген айыппен 3 қыркүйекте 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. «Время» газетінің тілшісі Тохнияз Кучуков те дәл сол мазмұндағы айыппен және үкіммен Жовтистен бір апта бұрын сотталды.

«Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов тамыз айында ҰҚК-нің құпиясын жариялаған деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айрылды.
XS
SM
MD
LG