Accessibility links

Ресейден қуылған босқын Қазақстанда қалатын болды


ҚР Бас прокуратурасы ресейлік құқық қорғау қызметкерлері Отанына қайтаруға шешім шығарған қырғыз азаматын еліне қайтармайтын болды. Бұл туралы Азаттыққа БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссиясының «Босқындарға құқықтық көмек беру» жобасының үйлестірушісі Денис Дживага хабарлады.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, өткен жұмада БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссиясы Қырғызстан азаматы Абдулрасул Мамарахимовқа өз елінде жеке басына қауіп төніп тұрғанын айтып, Қырғызстанға бермеу туралы Қазақстан билігіне өтініш жасаған болатын.

Денис Дживаганың айтуынша, 48 жастағы Қырғызстан азаматы қазіргі таңда Тараздағы тергеу изоляторында, басқарма тарапынан сұхбат өткізу үшін келетін өкілді күтіп отырған көрінеді. Енді Қазақстан тарапы оған босқын мәртебесін беру-бермеу мәселесін шешпек.

Қырғызстанның Ош облысы Ноокат ауданының тұрғыны Абдулрасул Мамарахимовке 2008 жылдың 21 қаңтарында іздеу салынған. Оған Қырғызстан Қылмыстық Кодексінің 299-бабының 2-тармағы бойынша (ұлттық, нәсілдік, діни алауыздық тудыру) айып тағылған.

«Хизб ут-Тахрир» ісі бойынша бұрын сотты болған Мамарахимовтің өткен жылғы қазанда болған «Ноокат оқиғасына» да қатысы бар күдіктелуде.
XS
SM
MD
LG