Accessibility links

Жеке өмірдің құпиясына қолсұғушылық бес жыл түрмемен жазаланады


Қазақстан Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы. Астана, 28 қазан, 2009 жыл
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы. Астана, 28 қазан, 2009 жыл

Алдағы сәрсенбіде талқыланатын заң жобасында азаматтардың жеке өмірі, телефон әңгімелері мен хаттарын жариялаушыға қылмыстық іс қозғап, бос бостандығынан айыру жазасын қолдану көзделген. Ал сөз бостандығын қорғаушылар бұл тәуелсіз журналистерге қарсы тағы бір тұсау деп біледі.

Заң жобасын әзірлеген Әділет министрлігі азаматтардың Қазақстан Конституциясының 18-бабында кепілдік берген құқықтарын жүзеге асырамыз деп отыр. Онда «Әркім өзінің жеке өмірін, отбасының құпиялығын, ар-ұжданын қорғауға құқылы» деп жазылған. Осы мақсатта азаматтардың өзара жазысқан хаттары, телефон әңгімелері, жеке есепшоттары, т.б. жариялағандарға қарсы жауапкершілікті қатайту көзделген.

Оның үстіне ақпаратты жариялаушыға қарсы жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылып, алынған материалдарды тәркілеу және жою жолы да заң жобасымен белгіленген екен. Сонымен бірге аталған іс-шараларды жүзеге асыратын арнайы органдардың құзыреттерін кеңейту қарастырылған.

Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов – аталған заң жобасын қолдаушы. Ол мұны тәуелсіз басылымдарға қарсы бағытталған шара деп есептемейді.

– Неге осы бір тәуір заңды енгізсек, журналистердің құқығы деп шығасыздар?! Бұл дүниежүзілік тәжірибеде бар. Ешкімнің де адамдардың жеке өмірін қазбалап, олар туралы мәлімет жариялауға құқықтары жоқ. Жариялаған азаматтар тиісті жазасын алу керек. 4 жыл бола ма, 5 жыл бола ма, түрмеде отыруы тиіс деп есептеймін, – дейді Камал Бұрханов.

Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодексте, азаматтардың ар-ожданына, жеке өміріне қатысты мәліметтерді сол адамның рұқсатынсыз жариялап, жалған мәліметтер таратқаны үшін 20-40 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген. Енді бұл айыппұлмен шектеу жазасының бас еркіндігінен айыру жазасына ауыстырылғалы жатқанына журналист қауымы келіспейді.

Мәселен, «Жас қазақ» газетінің Астанадағы тілшісі Төлен Тілеубай аталған заң жобасы сыбайласқан жемқорлыққа қарсы журналистік зерттеулерге шектеу болады дейді.

– Соңғы кезде парламентте қабылданып жатқан көп заңдар сөз бостандығына кедергі келтіретін заңдар деп есептеймін. Мысалы, ғаламторды реттеуге қатысты заңды алып қарайық. Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес жариялаймыз да, оған қатысты шенеуніктердің былықтарын зерттей бастасақ, өздері заң арқылы тосқауыл қояды. Бұл енді ақылға сыймайды. Осының бәрі, парламенттің бірпартиялы болуының салдарынан деп білемін. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей болып отыр ғой, – дейді Төлен Тілеубай.

Заң жобасын жалпы отырысқа шығарар алдында сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қорының төрайымы Тамара Калеева мен Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев парламент депутаттарына үндеу жариялаған еді. Онда олар Қазақстан Конституциясының «Сөз бостандығы мен азаматтардың шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі» деген 20-бабын алға тарта отырып, елдегі тәуелсіз басылымдардың болашағына алаңдаушылық білдірген.

Сонымен бірге Қазақстан ратификациялаған, «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің» 19-бабындағы «Әрбір адам өзінің ойын ашық айтуға, жеткізуге құқылы. Бұған өзінің сенімін ұстануда, көзі жеткен ақпаратты іздеу, алу және тарату кіреді» делінген.

Осындай пікірлерін айта отырып, сөз бостандығын қорғайтын ұйымдар бұл заң жобасы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбавтың жемқорлыққа қарсы күрестегі тапсырмасына кедергі болады деп есептейді. Әрі ЕҚЫҰ-ның талаптарына қайшы келеді дей отырып, Қазақстанның аталған ұйымға төрағалық етуі барысында, шындықты айтпақшы болған журналистер түрмеге тоғытылуы мүмкін деп дабыл қағады үндеу авторлары.
XS
SM
MD
LG