Accessibility links

Дүнген қызы Чиншанло – Қазақстан ауыр атлетикасы тарихында әлемді бағындырған алғашқы ару


Зулфия Чиншанло, ауыр атлетикадан 53 келі салмақ дәрежесі бойынша 2009 жылғы әлем чемпионы. Оңтүстік Корея, 22 қараша 2009 жыл.
Зулфия Чиншанло, ауыр атлетикадан 53 келі салмақ дәрежесі бойынша 2009 жылғы әлем чемпионы. Оңтүстік Корея, 22 қараша 2009 жыл.

Қазақстандық жас атлет Зулфия Чиншанло ауыр атлетикадан Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан әлем біріншілігінде алтын жүлдегер атанып қана қоймай, жарыстан кейін журналистердің орыс тіліндегі сауалдарына ана тілінде жауап беріп көпшілікті тағы бір таңдандырды.

АЛТЫНМЕН БІРГЕ ӘЛЕМ РЕКОРДЫ ҚАЙТАЛАНДЫ

16 жасар қазақстандық Зулфия Чиншанло Гоянг қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінде 22 қараша күні 53 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, дүбірлі бәсекеде Қазақстан құрамасының алғашқы алтын жүлдесін жеңіп алды. Бұл – Зулфияның үлкендер арасында әлемдік деңгейдегі ең алғашқы жарысы болатын.

Соған қарамастан жас атлет екі жаттығу бойынша 219 келіні бағындырып, биылғы әлем біріншілігінде алдына жан салмай келе жатқан Қытай құрамасының атлеті Чэнь Сяопинді артқа тастады. Сяопин үлкен спортта бұған дейін есімі шықпаған жас атлетке бар болғаны бір келі ұтылып қалды.

Зульфия Чиньшанло, ауыр атлетикадан 53 келі салмақ дәрежесі бойынша 2009 жылғы әлем чемпионы. Оңтүстік Корея, 22 қараша 2009 жыл.
Чиншанло бірінші жаттығу бойынша 90 келі көтерсе, екінші жаттығуда 129 келіні бағындырып, осыдан екі жарым жыл бұрын қытайлық атлет Ли Пин орнатқан әлем рекордын жаңартты. Осылайша тарихта аты жазылған Зулфия чемпионатта қытайлық атлеттердің мысын басқан ерлігімен де көзге түсті.

ЧЕМПИОННЫҢ ДҮНГЕН ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУІ - ӘЛЕМГЕ ТАҢСЫҚ


Жас атлеттің үлкен мінберге көтерілуі журналистердің назарын өзіне аударғаны түсінікті жағдай. Осы тұста Чиншанло күллі әлемді тағы бір рет таңдандырды: жарыстан кейінгі баспасөз конференциясында Зулфия тілшілердің қойған сұрақтарының орысша аудармасына дүнген тілінде жауап берді.

Күллі әлемнің спорт тілшілері бұл жағдайды айналып өте алмады. Содан олар өздерінің репортаждарында дүнген ұлты, оның этникалық шығу тегі, тілі және дініне көңіл бөлуді жөн көрген. Мысалы, халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайтында ол туралы жарық көрген жалғыз материал «Жаңа чемпион – Зулфияның ұлты - дүнген» деп аталады.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Меңдіхан Тәпсір чемпионның дүнгенше сөйлеу мәнісін Азаттық радиосына былайша түсіндірді:

- Зулфия Чиншанло – Қытайда туған этникалық дүнген. Екі жыл бұрын ол Қазақстанның азаматтығын қабылдады. Содан бері ол бізде, ауыр атлетика федерациясында жаттығады. Қазір ол орысша біршама жақсы түсінеді, бірақ әзірге бұл тілде ол әрең сөйлейді. Сондықтан Зулфия журналистердің сауалдарына дүнгенше жауап берді.
Зулфия Чиншанло – Қытайда туған этникалық дүнген ...


ЧЕМПИОНАТТАҒЫ ЕҢ ЖАС АТЛЕТ - ЧИНШАНЛО


Тәпсірдің айтуынша, Зулфия биылғы әлем біріншілігіне қатысушылардың ішіндегі ең жасы. Сонымен бірге Чиншанло Қазақстанның ауыр атлетика тарихында әлем чемпионы атанған алғашқы ару атлет.

Оңтүстік Кореядағы әлем біріншілігінде әзірге алты салмақ дәрежесі бойынша жүлделер өз иелерін тапты. Чемпионаттың алтыны әзірге Қытай және Қазақстан құрамасында ғана бар: бес алтынды қытайлық атлеттер тағынса, жалғыз алтын Зулфияның мойнына ілінді.

Әлем біріншілігі қарашаның 29-ы күні аяқталады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG