Accessibility links

ҰҚК: Мұхтар Жәкішевке қарсы тағы бір іс жақында прокуратураға түседі


Қазақстанның уран көздерін заңсыз сату фактісі бойынша қылмыстық іс жақын уақыттары прокуратураға тапсырылады деп хабарлады ҰҚК-нің басшысы. «Новости-Қазақстан» агенттігіне берген сұхбатында Әділ Шаяхметов «алдағы бір-екі айдың көлемінде іс прокуратураға беріледі, қазір тергеу жүріп жатыр» деп мәлімдеді.

Бұған дейін бас прокуратура «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке уран кеніштерін шетел инвесторларына заңсыз сатқан деген айып тағылғандығын, бірақ бұл айып бойынша қосымша тергеу іс-шараларын жүргізу керектігіне байланысты, осы мәселеге қатысты материалдар жеке бір өндіріске алынғандығын хабарлаған еді. Сондай-ақ, прокуратура кеніштердің заңсыз саудасына қатысты алдын ала тергеу жүріп жатыр деп мәлімдеген-ді.

Жәкішев 2009 жылы мамырдың аяғында ірі кеніштерді заңсыз сатқан деген күдікпен ұсталған болатын. Қазіргі күні топ-менеджер ұйымдасқан топ құрып, мемлекетке ірі көлемде материалдық залал келтірді және мердігер кәсіпорын басшыларынан ірі көлемде пара алды деген айыптармен сот процесіне қатысып жатыр.
XS
SM
MD
LG