Accessibility links

Украинада президенттік сайлауда Виктор Янукович алда келеді


Украинада президент сайлауының екінші турында Аймақтар партиясының басшысы Виктор Янукович премьер-министр Юлия Тимошенкодан шамамен төрт пайызға озып тұр.

Бюллетендердің 80 пайызын санағанда шыққан қорытынды бойынша, Янукович шамамен 49, Тимошенко 45 пайыздан сәл астам дауысқа ие болды. Украина орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, сайлауға дауыс берушілердің 69 пайызы қатысты.

Янукович Киевте өткізген баспасөз конференциясында сайлауда өзінің дауысқа жеткендігін мәлімдеп үлгерді. Тимошенконың штабындағылар қосымша санақ жүргізгендігін, ол бойынша екі үміткер теңдей дауыс жинағандығын мәлімдеді.

Бұған дейін Тимошенко сайлауда «заң бұзушылықтар» тіркелген жағдайда, өзінің жақтастарын жаппай наразылық акциясына шақыратындығын жариялады. Украинаның орталық сайлау комиссиясы дауыс беру кезінде жаппай заң бұзушылықтар болған жоқ деп хабарлады.
XS
SM
MD
LG