Accessibility links

Ақтөбеде «Свобода слова» газетінің тілшісі соққыға жығылған


«Свобода слова» басылымының батыс аймақтағы меншікті тілшісі Игорь Лараны Ақтөбеде өз үйінің маңында белгісіз біреулер соққыға жығып кеткен.

«Игорь соңғы уақыттары Жаңаөзендегі мұнайшылардың ереуілі мен сол аймақтағы отандық әрі шетелдік мұнай өндірушілерге қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі жазып жүрген еді», - делінген «Свобода слова» газетінің бейсенбі күнгі санында.

Тәуелсіз басылымның редакциясы бұл оқиғаның журналистің кәсіби қызметімен байланысты екендігіне сенімді.

Игорьдің өз сөзінше, дүйсенбі күні кешке ол үйіне дейін танысымен бірге келген. Танысы кете салысымен журналистке жетіп келген белгісіз үш адам: «Лара?... Саған Жаңаөзеннен сәлем!» - деп оны соққыға жыққан.

Басылымның жазуынша, қазір журналист өз үйінде ем қабылдап жатыр.
XS
SM
MD
LG