Accessibility links

Тіркелмеген оппозициялық партияның жетекшісі 10 тәулікке абақтыға қамалды


Наурыздың 26-күні кешке Алматының әкімшілік соты Қазақстанда ресми тіркеуден өте алмай жүрген «Алға» оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козловты 10 тәулікке абақтыға қамау туралы шешім шығарған. Бұндай ақпаратты жұма күні осы партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазТАГ агенттігі таратты.

Бейсенбі күні Алматының көпшілік жүретін орталық алаңдарының бірінде жұртқа үнпарақтар таратып жүрген Владимир Козлов пен оның бірнеше серігін полиция ұстап әкетіп, бір сағаттан астам уақыттан кейін босатқан-ды. Әлгі үнпарақтарда Астана соты 14 жылға бас еркіндігінен айырған «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің ісі туралы жазылған болатын.

Полиция Владимир Козловтың іс-әрекеті Қазақстанның әкімшілік заңына қайшы келеді деп тауып, оның үстінен әкімшілік құқық бұзғаны туралы іс қозғап, Алматының әкімшілік сотына тапсырған. Істі қарауға қатысқан прокуратура өкілі соттан оппозициялық саясаткерді 15 тәулікке абақтыға қамауды сұраған деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.
XS
SM
MD
LG