Accessibility links

Отунбаева: Бәкиев өз қолдаушыларын шеруге жинамақ


Қырғызстанның саяси оппозициясы үкіметті өз бақылауына алып, парламентті таратқанын хабарлады. Сәрсенбі күні наразылық танытушылар мен қауіпсіздік күштері арасында орын алған қақтығыстан кемінде 65 адам қаза тапты.

Оппозиция жетекшісі Роза Отунбаеваның мәлімдеуінше, ол жаңадан құрылған уақытша үкіметті басқарып, алдағы 6 айда жаңа конституция әзірленгенге дейін уақытша әкімшілікті үйлестіретін болады. "Біз уақытша үкімет ретінде президент пен парламенттің және үкіметтің міндеттерін атқаратын боламыз. Біз елдегі билікті өз бақылауымызға алудамыз", - деді Отунбаева.

Президент Құрманбек Бәкиев Бішкектен кетіп, елдің оңтүстігіне барды деп хабарланып отыр. Отунбаеваның айтуынша, Бәкиев өз позициясын қорғау мақсатында қолдаушыларын шеруге жинамақ. Бәкиевтің нақты қайда екендігі белгісіз. Бірақ хабарларға қарағанда, ол Ошта делінеді.

Журналистердің хабарлауынша, Бішкектегі үкімет ғимараты мен мұражайларда тонаушылық болған, сонымен қатар дүкендер мен көліктер өртелген.

Халықаралық қауымдастық, оның ішінде АҚШ, Ресей, Қытай және БҰҰ барлық жақтарды тыныштыққа шақырды.
XS
SM
MD
LG