Accessibility links

Ф. Кулов: қазіргі қырғыз билігіне бюджетті қайта қарау керек болады


Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Феликс Кулов қазіргі уақытша үкімет өз жұмысын елдің экономикасын тұрақтандырудан бастау керек деді. Бұл туралы ол сенбі күні Алматыдағы «АйтPARK» пікірсайыс клубындағы отырыста мәлімдеді деп ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

Қырғызстанның ендігі ахуалына болжам жасаған Феликс Куловтың пікірінше, уақытша үкімет елде тұрақтылық орнату үшін алдымен елдің наразылығына түрткі болған электр қуаты мен жылу тарифтерін алып тастау керек болады. Оның бәрі бюджетке енгізілгендіктен, бюджетті қайта қарап, қаржы көздерін жалақы мен зейнетақыларды төлеуге бұру керек дей келе, мұның бәрі қазіргі үкіметке оңай болмайтынын айта кетті.

Сонымен қоса Кулов үкімет құрамына келетіндер өз адамдарын әкелуге тырысады, әкімшілік аппараттағы ондай былықтарға жол бермеу керек, ол халықтың көңіл-күйіне әсер етеді деді.

Феликс Кулов Қырғызстанда жоғары лауазымды қызметтерде болған. Ол Асқар Ақаев кезінде оппозицияға жетекшілік етіп, түрмеде отырған. Кейін Бакиев билікке келгенде, біраз уақыт үкіметті басқарып, кейін орнынан кеткен. Қазір ол «Ар-намыс» партиясының төрағасы.
XS
SM
MD
LG