Accessibility links

Қырғыз үкіметі елдің оңтүстігіне қосымша күш жіберуде


Қырғызстан уақытша үкіметі этникалық қанды қақтығыстарды тоқтатуға көмектесу үшін елдің оңтүстігіне запастағы қосымша күштерін жіберіп жатыр. Оның алдында үкімет қауіпсіздік күштеріне тәртіп бұзушыларды атып өлтіруге рұқсат беретін қаулыны мақұлдады.

Соңғы үш күнде Ош пен Жалалабадтағы қырғыз-өзбек қақтығысынан кемінде 82 адам қаза болып, мыңнан аса адам жарақат алды.

Жексенбі күнгі хабарларға қарағанда, Оштағы жағдай сәл тынышталған, бірақ Жалалабадта атыстар жалғасып жатыр. Бұл аймақтарда төтенше жағдай жарияланған болатын.

Human Rights Watch ұйымының мәліметінше, қырғыз бұзақылары өзбек ауылдарын нысанаға алып жатыр, өзбектердің үйлері мен дүкендеріне және мейрамханаларына өрт қойылған.

Этникалық қырғыз және өзбек қауымдастықтарының өкілдері бітім мәселесін талқылау үшін бүгін Ошта жиналды. Қос қауымдастықтың қариялары жастарды арандатушылардың кез келген әрекеттерін қолдамауға шақырды.
XS
SM
MD
LG