Accessibility links

Өзбекстан Қырғызстаннан келіп жатқан босқындар үшін шекараны жапты


Бүгін Өзбекстан Қырғызстанның оңтүстігінен келіп жатқан өзбек босқындарын қабылдауды уақытша тоқтатты. Қазіргі таңға дейін Өзбекстан үкіметі Қырғызстандағы қауіпті аймақтан көшіп келген 45 мың этникалық өзбек босқынын тіркеп үлгерген. Өзбекстанның вице-премьері Абдулла Ариповтың айтуынша, бұл 45 мыңның ішіне тек ересек адамдар ғана кірген. Ал 18 жастан кішілері мүлдем тіркеуге алынбаған. Абдулла Арипов, көшіп келген босқындардың саны шын мәнісінде аталған цифрдан үш есе көп болуы мүмкін екендігін айтады.

Абдулла Арипов, Өзбекстан босқындарды қабылдауда барлық мүмкіндігін пайдаланып біткендігін мәлімдеп отыр. Енді мемлекет халықаралық ұйымдар көмегіне зәру.

Өзбекстан төтенше жағдай министрлігі соңғы бірнеше күннің ішінде шекараны 75 мың адам кесіп өткендігін айтады. Алайда Қырғызстан үкіметі бұл санды он есе аз яғни, шамамен сегіз мың адам ғана кесіп өткендігін айтып отыр.

Өзбекстандағы Қызыл Крест ұйымының өкілі Анна Нельсон, Өзбекстанның мәліметін растап отыр. Оның сөзінше Өзбекстанға 80 мыңға жуық адам қашқан. Өзбекстанның денсаулық сақтау министрі Адхам Икрамовтың мәліметінше, елдің Андижан облысының ауруханасында 735 жаралы босқын жатыр.
XS
SM
MD
LG