Accessibility links

Оралдық басылым бос бетпен жарық көрді


«Уральская неделя» газетінің кезекті саны сот шешіміне наразылық белгісі ретінде бос бетпен жарық көрді, деп хабарлайды сөз бостандығын қорғау жөніндегі «Әділ сөз» халықаралық қоры.

«Бірінші беттің бос болуы - баспаханада жіберілген олқылық емес. Бұл осы елде жемқорлыққа және баспасөзге қысым көрсетуге қарсылық білдірудің жалғыз амалы. Біз осылай жасау арқылы сот шешімімен ұстанымды түрде келіспейтінімізді көрсеткіміз келеді. Бос бетке қараңыздар да, еркін баспасөз болмаса, өмір қандай болатыны туралы ойланыңыздар» - делінген редакцияның оқырмандарға жазған үндеуінде.

«Әділ сөз» қорының ақпаратына сәйкес, өткен бейсенбіде Батыс Қазақстан облыстық сотының қадағалаушы алқасы «Уральская неделя» газетінің және журналист Лұқпан Ахмедьяровтың кассациялық шағымын қанағаттандырудан бас тартып, төменде тұрған екі инстанцияның шешімдерін өзгеріссіз қалдырды. Оған сәйкес, «Уральская неделя» газеті мен Ахмедьяров «Тенгизнефтестрой» компаниясына Т20 млн көлемінде моральдық залалды өтеуге міндетті. «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Тамара Есләмованың айтуынша, бұл шешімді орындау мүмкін емес екені алдын-ала белгілі, өйткені бұл шешім тәуелсіз басылымның банкротқа ұшырап, жабылуына алып келеді.
XS
SM
MD
LG