Accessibility links

Қазақстанда өткен тәулікте алты дала өрті сөндірілді


Өткен тәулікте Ақтөбе облысында бес, және Оңтүстік Қазақстан облысында бір дала өрті сөндірілді, дейді Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі.

Өрттің ең ірісі Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданына қарасты Жабасақ ауылдық округі аумағында орын алған. Екі күнге созылған тілсіз жау 1,2 мың гектар алқапты қамтыған. Жексенбі күні таңертең ғана сөндірілген өрттің алдын алуға ҚР ТЖМ-нің Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің жеке құрамындағы 7 маман мен 1 техника және қатарында 15 адам мен 3 техника бар ерікті өрт сөндірушілер тартылды.

Темір ауданында жалпы аумағы 150 гектарды құрайтын екі жер телімі өрт құшағына оранды. Қызыл жалын Алға ауданының Павловка ауылдық округінің аумағын да қамтыған.

Сондай-ақ Әйтеке би ауданына қарасты Әйке ауылдық округінен 400 гектар жер өртенді.

Құтқарушылардың атап өтуінше, оқиғалар барысында да қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
XS
SM
MD
LG