Accessibility links

Башқұртстан Құрылтайының кезектен тыс мәжілісі дүйсенбіде өтеді


Башқұртстан Құрылтайының кезектен тыс мәжілісі шілденің 19-ы күні өтеді деп хабарлады «Интерфакс» агенттігі.

Құрылтай мәжілісінде депутаттарға Башқұртстан президенті қызметіне үміткерді бекіту ұсынысы жасалуы мүмкін деп хабарланды. Бұған дейін «Единая Россия» партиясы өзінің осы қызметке үміткерлері тізімін жариялаған болатын.

Жазғы демалыстағы Құрылтай осымен екінші мәрте кезектен тыс мәжіліске шақырылып отыр. Шілденің 15-і күні депутаттар республика президенті қызметінен кеткеннен кейін оның мүлкіне, қаржысына және жеке басына тиіспеу туралы заң жобасын бір ауыздан мақұлдады. Сол күні Ресей президенті Дмитрий Медведев Башқұртстан басшысы Мұртаза Рахимовтың отставкасын қабылдады.

Медведев президент қызметі үшін алғыс айтып, Рахимовты «Отанға сіңірген қызметі үшін» бірінші дәрежелі орденімен марапаттады. Ресей басшысы Башқұртстан президенті қызметін уақытша атқару міндетін «Русгидро» энергетикалық компаниясының топ-менеджері Рүстем Хамитовқа тапсырды.

Мұртаза Рахимов Башқұртстанды 1990 жылдан бері 20 жыл басқарып келді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG