Accessibility links

СПИД орталығының бұрынғы бастығы өзіне тағылған айыппен келіспейді


Алматыдағы Республикалық СПИД орталығының бұрынғы бастығы Владимир Слесарев, өзіне тағылған айыппен келіспейтіндігін мәлімдеді. Бейсенбі күні Алматыда өткен баспасөз жиынында ол, «осы күні прокуратура анықтаған қаржының жымқырылғандығы жайлы фактіні, менің бұйрығыммен құрылған арнайы комиссия сәуір айында анықтаған», дегенді айтты.

Орталық басшылығы қызметіне келгеніне бір жыл әлі тола қоймаған Слесаревтің сөзінше, СПИД орталығындағы заңсыздықтар оның алдындағы басшының кезінде орын алған.

Медициналық мекеме басшылығына қатысты дау биылғы жылдың наурыз айында шықты. Ол кезде орталық қызметкерлері бас директорды жемқор, көптеген дәрігерлерді негізсіз жұмыстан қуды, мемлекет қаржысы мен шетелдік қайырымдылық қорларынан түскен қаражатты бейберекет жұмсаған деп айыптаған еді. Өткен аптаның соңында орталықтың бас есепшісі қамауға алынып, дүйсенбі күні бас директор Владимир Слесарев қызметінен босатылды. "Орталыққа бөлінген 82 миллион теңгенің 53 миллионы жымқырылған" деген қалалық прокуратура, СПИД орталығы басшылығына қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғап отыр.
XS
SM
MD
LG