Accessibility links

Абақтыда отырған Жәкішевті тұтқындауға санкция берілді


Астанадағы № 2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы Нұржан Жолдасбеков «ҚазАтом Өнеркәсібі» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отыруына қарамастан, оны тұтқындау туралы үкім шығарды.

Ол туралы Жәкішевтің зайыбы Жәмилә хабарлады. Оның айтуынша, екінші қылмыстық іс бойынша тағылған «уран кендерін шетелдік инвостарларға сатты» деген айып бірінші қылмыстық іс негізінде-ақ тергелген. Яғни тергеу бұл айыпты екіге бөлді, - дейді Жәмилә Жәкішева, - бір бөлігі бойынша ері 14 жылға сотталды, екінші бөлігін тергеп жатыр.

Осыған дейін Азаттық радиосы хабарлағандай, Мұхтар Жәкішевтің үстінен қозғалған екінші істі тергеу аяқталуға жақын. Тергеу құпия өтіп жатыр.

Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, Жәкішевтің аппеляциялық шағымы қаралғаннан кейін 10 күн өткенде ол жазасын өтейтін қатаң тәртіпті колонияға жөнелтілуге тиіс болатын. Жәкішевтің шілде айының соңынан бері тергеу абақтысында отыруы қылмыстық-процессуалдық заңға қайшы келеді.

Адвокат Бейсекеев, сонымен қатар, Жәкішевке тағылған «уран кендерін шетелдік инвостарларға сатты» деген айыпты дербес екі іске бөліп тергеуге де заңда жол берілмейді деп мәлімдеді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG