Accessibility links

Ирақ үкіметі WikiLeaks сайтының әрекетін сынады


Ирақ билігі елдегі соғыс кезінде полиция мен қауіпсіздік күштері заңсыздықтарға барып, қамаудағыларды азаптады деген деректерді толығымен тергеуге уәде беріп отыр.

WikiLeaks сайты Ирақтағы соғысқа қатысты АҚШ-тың 400 мыңдай құпия деректерін жариялаған болатын. Ирақ билігі таратқан мәлімдемеде "бұл құпия мәліметтерді жариялау - Ирақтың жаңа үкіметін құруға кедергі жасау әрекеті" деп бағаланған.

Ирақ үкіметінің кеңсесі таратқан мәлімдемеде, WikiLeaks жариялағандай, ирақ түрмелеріндегі тұтқындардың азапталғанына еш дәлел жоқ делінген. Ирақ премьер-министрінің кеңесшісі Әли әл-Мусави өз елінің заңды жүйесін қолдап сөйледі.

"Қамау орындары туралы айтылғанда олардың бәрі заңсыз жолмен жасалғандай әсер қалдырады. Бірақ ол дұрыс емес. Біз мұндай жаңалық таратқан ақпарат құралдарымен келіспейміз. Ондай бірде-бір заңсыз қамау орны жоқ".

Осының алдында Human Rights Watch Ирақ пен АҚШ билігін деректерде айтылған қауіпсіздік күштерінің қамаудағыларды азаптағаны жайлы оқиғаларды тергеп-тексеруге шақырған еді.
XS
SM
MD
LG