Accessibility links

Назарбаев жер телімдерінің иелеріне қатаң ескерту жасады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбі күні Алматыға жұмыс сапарының барысында Шығыс айналма автожолының құрылысы аяқталған бөлігіне барды.

Автожолды көріп болған соң президент журналистерге: - Бұл жол жетпейді, бізге солтүстіктен де айналма жол салу керек, - деп мәлімдеді. Оның айтуынша, жол салу кезінде ең басты проблема – жер телімдерін сатып ату болып отыр.

«Бұл жол Алматының экологиясы үшін өте маңызды. Кезінде кейбіреулер өтірік-шынын айтып, жер телімдерін басып алды. Бар мәселе осыған тіреліп тұр. Оны көбіне шенеуніктердің істегенін мен білемін. Мен қазір жер иелерінің есімдері мен жалған кісілерді анықтауды үкіметке тапсырамын.

Егер бұл кісілер мемлекет мұқтажына қажетті жерлерді мемлекеттен сатып алған бағасына өз ықтиярымен қайтармайтын болса, біз оларды мемлекет мұқтажына тартып аламыз деп ескертемін, - деп мәлімдеді президент Назарбаев.

Шығыс айналма автожолының 5,6 шақырымдық бөлігі әл-Фараби даңғылын Балтабаев көшесімен қосты. Жолдың құрылысы толық аяқталғанда, Халиуллин көшесіне дейін 7,8 шақырымға созылады. Құрылыс толығымен 2011 жылдың соңында аяқталып, оған бюджеттен 57 миллиард теңге бөлініпті.
XS
SM
MD
LG