Бүгін, желтоқсанның 3-і "Азат Еуропа/Азаттық Радиосы" халықаралық ұйымының президенті Джеффри Гедмин Астанада Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және республиканың премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен кездесті.
Жүздесулер кезінде Гедмин мырза "Азат Еуропа/Азаттық Радиосы" ұйымының "конструктивті әріптес" ретінде диалог орнатуға дайын екенін мәлімдеді. Бұдан өзге ашық ақпарат алмасу және басқа да жалпы мәселелер талқыланды.
Премьер-министр Кәрім Мәсімовпен кездесу кезінде Джеффри Гедмин "Азаттық" радиосына Қазақстанда орта толқында арна беру туралы ұсыныс жасады. Бұдан бөлек Гедмин мырза "Азат Еуропа/Азаттық Радиосының" Қазақстанда қоғамдық телеарна ашуға жәрдемдесуге дайын екенін жеткізіп, осы елде Орталық Азия бойынша аймақтық журналистерді дайындау орталығын құру туралы бастама көтерді.
"Азат Еуропа/Азаттық Радиосы" президенті ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы мәселелері бойынша өкілі Дуня Миятовичпен де кездесіп, Орталық Азиядағы сөз еркіндігі туралы әңгімелесті.
Джеффри Гедминнің Қазақстандағы іс-сапары үш күнге созылады.