Accessibility links

Қайталанбас тұлға


Батырхан Дәрімбеттің баннерге салынған суреті. 7 маусым 2010 жыл.
Батырхан Дәрімбеттің баннерге салынған суреті. 7 маусым 2010 жыл.
Халқымыздың шынайы тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін бел шеше күрескен белгілі қоғам қайраткері, көрнекті журналист, әрі әдебиеттанушы ғалым Батырхан Дәрімбеттің ортамыздан кеткеніне биыл тастай бес жыл.

Таудың алыстаған сайын биіктей түсетініндей, Батырхан бейнесі де араға жыл салып, уақыт ұзаған сайын тұлғаланып барады. Не жасыратыны бар? Елімізде болып жатқан кесек-кесек уақиғалардың ішінде күрестің көрігін қыздырып Бәкеңдей қолбасшы азаматымыз жүрер болса деп армандайтын жағдайға жеттік.

Өткен күндерге үңілсек, Бәкең бастаған істің аяқсыз қалатыны болмайтын. Жұмысты жұртты нөкерімен жұмылдыра жүріп жасаушы еді. «Азат» қозғалысының туы «Азат» газетін дүниеге әкеліп, жалпы Қазақстан халқы мойындаған үлкен басылымға айналдырды. Кейбір басылымдар оң-солына қарап, қоғамдағы ахуалдың ақ-қарасын айырып болғанша, «Азат» газеті оны пісіріп-түсіріп, бәтуасымен халқына тарту етіп үлгеретін. «Азат» газеті оқырмандарының белсенділігінің негізі де осында жатқан.

Ал енді Батырханның «Азаттық» радиосына сіңірген еңбегі – оны қоғам өміріндегі өз алдына бір бөлек құбылыс деп қараса боларлықтай деп есептейміз. «Эфирге Батырхан шығады» дегенді естігенде, тыңдармандар радио қорабының алдында қаққан қазықтай қатып қалушы еді. Хабарының бас-аяғы қолмен жонғандай жұп-жұмыр болып келетін. Бір ауыз қоспасы жоқ, қорғасын салмақ қоңыр дауыс өлсең құлағыңнан кетпестей әсер қалдыратын. Әттең, не керек, сол үн ерте үзілді. Батырхан сұрағы көп жұмбақ жағдайда жол апатынан қаза тапты.

Сол азалы күннен бермен қарай, қазақтың майталман ұлы Мұстафа Шоқай бауырымыздың Батырхан құрған Қор арқылы қайта жаңғырып, жандана бастаған өмір тарихындағы кез-келгеннің дәті барып айта бермейтін сан сырлы штрихтарының бедерлері біртін-біртін көмескілене бастады. Тарих қойнауындағы қазына байлықтың суын сығып, сөлін ғана ұсынар Батырханның ғалымдық шеберлігі – ол да халқының сағынышына айналып сарғайыңқырап бара жатқандай көрінеді бізге.

Қалай дегенде де, саясат сахнасының саңлағы, қазақ халқының майталман күрескер ұлы Бәкеңнің азабы мол, бейнеті қалың мына өмірдегі орны әлі күнге дейін үңірейіп бос тұр.

Жүктеген адам: Айсұлу Қадырбаева

XS
SM
MD
LG