Accessibility links

Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы ұсыныс жасалды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

Қазақстанда ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту туралы кезекті ұсыныс жасалды. Бұл жолы бастамашыл топ құрылып, осы мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаратындарын айтып отыр.


Бейсенбі күні Өскеменде өтіп жатқан Қазақстан аймақтары өкілдерінің жиынында бірнеше адамнан құралған бастамашыл топ Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту туралы жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтергенін хабарлады Интерфакс агенттігі.

«Желтоқсанның 10-ы күні біз Өскемен әкімдігіне барлық қазақстандықтарды тұңғыш президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы желтоқсанның 6-сына дейін ұзартуға шақырған бастамашыл топ құру үшін жиын өткізу туралы өтініш бергенбіз», – деп мәлімдеген осы жиында Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Интерфакс агенттігінің хабарлауынша, Өскемендегі жиынға Қазақстанның барлық аймағынан келген 850 адам қатысып отырғанын хабарлады.

Қазақстанның 1995 жылы қарашаның 2-і күні қабылдаған «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңы бойынша, референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топты құратын жиынға елдің астанасынан, әр облысынан және республикалық маңызы бар қалалардан кемiнде отыз-отыздан өкiлдер қатысуы керек.

ҚазТАГ агенттінің хабарлауынша, бүгінгі Өскемендегі жиында ұсыныс көтерген бастамашыл топ құрамында Семей мемлекеттік университетінің профессоры, орыс мәдени орталығының жетекшісі Михаил Панин, шаруа қожалығының басшысы Владимир Акулов, Үлбі металлургия зауыты жетекшілерінің бірі Геннадий Бергедин және басқалар бар.

Бұған дейін, Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевты 2020 жылға дейін президент қызметінде қалдыру туралы ұсынысты биыл қазан айында Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясында Қазақстан кәрістері қауымдастығының президенті Роман Ким айтқан еді. Ол ұсынысқа Назарбаев «Онда сонымен қатар маған жасартатын және қуат беретін дәріні де қоса ұсын. Мүмкін мұндай дәрмек Кореяда бар шығар? Мен айттым ғой, 2020 жылға дейін келісер едім, тек маған жасартатын дәрі тауып бер», – деп күле жауап қатқан болатын.

Оның алдында, қыркүйек айында «Свобода слова» газетіне берген сұқбатында Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы өтетін президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынбақ ниетте», – деп мәлімдеді.

Биыл 70 жасқа толған Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда билік басында отырғанына жиырма жылдан асты. Ең алғаш рет Қазақ ССР Жоғары кеңесі Назарбаевты республика президенті қызметіне 1990 жылы сәуір айында сайлаған-тын.

Ал 1991 жылы желтоқсанның 1-і күні бүкілхалықтық сайлауда ол тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып сайланды.

1995 жылы сәуір айында өткізілген референдум нәтижесі бойынша Назарбаевтың президенттік өкілеттілігі 2000 жылға дейін ұзартылды.

Бұдан соң 1999 жылы қаңтарда алғаш рет балама негізде өткен президент сайлауында дауыс бергендердің 79,78 пайыз қолдауына ие болған Назарбаев жеңіске жетті.

Ал 2005 жылы желтоқсанда президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев осы қызметке жаңа мерзімге қайта сайланды. Ресми мәлімет бойынша, оған дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 91,15 пайызы қолдау білдірген.
XS
SM
MD
LG