Accessibility links

ОСК президенттің өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы өтінішті тіркеді


Желтоқсанның 27-сі күні Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызмет өкілеттілігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастамашыл топтың өтінішін қарап, оны тіркеу туралы қаулы қабылдады деп хабарлады Азаттық тілшісі.

ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов бастамашыл топқа тіркелгені туралы куәлік пен азаматтардан қол жинауға арналған парақшаларды табыс етті.

«Бастамашыл топ азаматтардан қол жинауға бүгіннен бастап кірісе алады» деді Қуандық Тұрғанқұлов.

Бастамашыл топ Орталық сайлау комиссиясына өтінішті желтоқсанның 24-і күні тапсырған.

Өткен бейсенбіде Өскеменде Қазақстан аймақтары өкілдерінің жиынында 7 адамнан тұратын бастамашыл топ Қазақстан президентінің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Бастамашыл топ өкілдері референдум 2011 жылдың наурыз айында өткізілуі мүмкін деген болжам айтады.

Биыл жазда 70 жасқа толған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды үздіксіз басқарып келе жатқанына 20 жылдан асты. Ол соңғы рет 2005 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті болып жеті жылға қайта сайланған болатын.
XS
SM
MD
LG