Accessibility links

Батыс Африка президенттері Гбагбоға ультиматум қойды


Батыс Африка басшылары Кот-д'Ивуар жетекшісі Лоран Гбагбоға ультиматум қойып, "қызметтен кетіп, биліктен бас тартуға тиіссің, әйтпесе сырттан келген әскери күшке тап болуың мүмкін" деп мәлімдеді.

Халықаралық қауымдастық оппозициялық үміткер Алассан Уаттарды қараша айында Кот-д'Ивуарда өткен президент сайлауының жеңімпазы деп мойындады. Алайда Гбагбо жеңілісін мойындаудан бас тартып, бұрынғы отаршыл елдер - Франция мен АҚШ жетекшілігіндегі халықаралық қастандықтың құрбаны болдым деп мәлімдеді.

Бенин, Кабо-Верде және Сьерра-Леоне президенттері сейсенбі күні Абиджанда Гбагбомен кездесті. Ресми өкілдердің мәлімдеуінше, бұл елдердің басшылары Гбагбоға тез арада биліктен кетуі керектігін, әйтпесе Африка елдерінің оған қарсы әскери әрекет жасауы мүмкін екенін айтқан.

Батыс Африка президенттері Алассан Уаттармен де кездесті. Абиджанда Уаттар тұрып жатқан қонақ үйді БҰҰ бітімгершілік күштері қорғайды.

БҰҰ-ның хабарлауынша, сейсенбі күні Гбагбоны қолдайтын аймақта БҰҰ-ның көлігіне шабуыл жасалып, бір сарбаз жарақат алған.

Қарашаның соңында өткен президент сайлауынан кейін елдегі жағдай ушығып кетті. Осы сайлауда өзара бәсекеге түскен ел президенті Лоран Гбагбо да, оппозиция лидері Алассан Уаттар да жеңіске жеткендерін мәлімдеп, әрқайсысы өзінің инаугурациясын өткізген еді. Кот-д'Ивуардағы мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. 170-тен астам адам қаза тапты.
XS
SM
MD
LG