Accessibility links

Пәкістанда қуатты жер сілкінісі болды


Пәкістанның оңтүстік-батысы сейсенбі күні кешкісін қатты жер сілкінісінен дүрбелеңге түсті. Бірақ адам шығыны жайлы ақпарат келген жоқ.

Азаттық тілшілерінің хабарына қарағанда, Пәкістанда өткен түні мыңдаған адам далада қонған.

АҚШ-тың геологиялық зерттеу мекемесі жер сілкінісінің ошағы Пәкістанның батысындағы Ауғанстанмен шекаралас Далбандин қалашығынан 50 шақырымдай жерде болған. Қуаты 7,2 балл деңгейінде. Жер дүмпулері мың жарым шақырымдай жердегі Үндістан астанасына дейін білінген.

Пәкістан метеорологтарының басшысы Мохаммад Риаз "зілзала ошағы халық көп шоғырланған аймақта болса да, адам шығыны жоқ" дейді.

2005 жылы Пәкістанның солтүстігінде болған, қуаты осындай жер сілкінісі 70 мыңнан аса адамның өмірін қиған болатын.
XS
SM
MD
LG