Accessibility links

Ху Цзиньтао: Қытай адам құқықтары саласында әлі көп іс атқаруы керек


Вашингтонда өткен кездесуде АҚШ президенті Барак Обама мен Қытай төрағасы Ху Цзиньтао екі ел арасында экономикалық және саяси әріптестікті нығайтуға міндеттеме алды. Бірақ адам құқықтары туралы мәселеде екі тарап ортақ пікірге келген жоқ.

Ақ үйдегі келіссөздерден соң екі ел басшыларының бірлескен баспасөз мәслихатында Барак Обама АҚШ адам құқықтарын қорғау мәселесінде "принципті ұстанымында" қалатынын тағы қайталады.

"Құрама Штаттар әрбір адамның бостандықтары мен ар-ожданы туралы ұғымдарды америкалықтар ретінде біз ажырамас бөлігіміз деп қабылдайтындықтан ғана емес, жалпыға бірдей бұл құқықтарды ұстанған барлық елдер, соның ішінде Қытай да, түптеп келгенде бұрынғыдан ары дамып, өркендейді деген сеніммен қорғайды", – деп мәлімдеді Барак Обама.

Ол "Қытайдың бейбіт түрде дамуы – әлем үшін де, Америка үшін де пайдалы болатыны" туралы пікірін білдірді.

Ху Цзиньтао Обамамен өзінің сегіз кездесулерінің барлығында адам құқықтары талқыланғанын, Қытай өз дамуының күрделі кезеңін өткеріп жатқанын атап өтті.

ҚХР төрағасы "адам құқықтары тұрғысынан Қытайда әлі көп іс атқарылуы керектігін" мойындап, тың пікір білдірді.

Ақ үй екі ел басшыларының келіссөздері нәтижесінде қытай тарабы өз еліне құны 45 миллиард доллар АҚШ тауарын экспорттауға қатысты жаңа келісімдерді мақұлдағанын, бұл келісім 235 мың америкалықты жұмыспен қамтамасыз ететінін хабарлады.

Ху Цзиньтаоның Вашингтонға барғаны соңғы 30 жылда Америкаға барған Қытай жетекшісінің маңызды сапары деп аталып отыр.
XS
SM
MD
LG