Accessibility links

Ресми Каир наразылық шерулеріне тыйым салды


Мысыр билігі Каир қаласында бірнеше мың адам қатысқан наразылық шеруінің ертеңінде – сәрсенбі күні елде наразылық ереуілдерін өткізуге тыйым салды.

Наразылық шерулерінде елді 30 жылдай билеп келе жатқан президент Хосни Мүбәрәктің биліктен кету талабы көтерілді.

Мысыр ішкі істер министрлігінің мәлімдемесінде заңсыз шерулерге қатысқандардың ұсталып, сотта жауапқа тартылатыны айтылады.

Өткен сейсенбі күні наразылық білдірушілер мен тәртіп сақшыларының қақтығысында 3 кісі (2 шеруші мен 1 полицей) қаза тапты.

Сәрсенбі күні полиция наразылық шеруін көзден жас ағызатын газ бен су зеңбіректерін қолданып қуып таратты.

Шеруді ұйымдастырушылар таяуда ғана Тунисте 23 жыл президент болған Бен Әлиді биліктен құлатқан толқулардың дем бергенін мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG