Accessibility links

Иран Батысты өлім жазасына араласпауға шақырды


Ресми Тегеранның мәлімдеуінше, Батыс елдері Иран ислам республикасындағы өлім жазасына араласпауы тиіс.

Дүйсенбі күні АҚШ Иранды өлім жазасын тоқтатуға шақырды. АҚШ мемлекеттік департаменті иран текті Нидерланд азаматы Захра Бахрамидің дарға асылуына байланысты алаңдаушылық танытты. 46 жастағы Бахрами есірткі тасымалдап, сатты деген айыппен өлім жазасына кесілген болатын. Сенбі күні ол Иранда дарға асылды.

Иран сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Рамин Мехманпарасттың айтуынша, дарға асылғандардың 80 пайызы - есірткі тасымалдаушылар. "Егер Иран есірткі саудасымен күреспесе, Еуропа мен Батыс зардап шегеді", - деді Мехманпараст.

Нидерланд Бахрамидің дарға асылуына жауап ретінде Иранмен арадағы ресми байланыстарын тоқтатты.

Еуропа одағы да Бахрамидің өлім жазасын айыптады.
XS
SM
MD
LG