Accessibility links

Оппозициялық партия жетекшісі Назарбаевты сайлауға қатыспауға шақырды


Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов ашық хатында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты кезектен тыс президент сайлауына түспеуге шақырды.

«Сіздің кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешіміңізге басты себеп – 2012 жылғы сайлауда өткен 20 жылдағы сияқты оп-оңай жеңіске жете алатыныңызға сеніміңіздің жоқтығы деп білемін. Және сіздің бұл қаупіңіз орынды», – дей келе, Козлов әлемде кейбір елдерде 20 жыл және одан да көп уақыт билікте болған «ұлт көсемдерінің» соңғы апталардағы тағдырын мысалға келтірген.

Козлов Қазақстанда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге жалғыз ғана себеп ретінде «мемлекеттік басқаруды шұғыл жаңарту қажеттігін» атап, мұны «елдің іші-сыртында барша жұрт түсінетінін» жазады.

«Бірақ ол үшін сіз кезектен тыс сайлауға қатысудан бас тартуыңыз керек. Президент мырза, Ресей президенті Борис Ельциннің қалай кеткенін еске алыңызшы. Ол лайықты кеткен президент болып тарихта және халқының жадында қалды. Ондай мүмкіндік сізде де бар», – деп аяқтаған Владимир Козлов президент Назарбаевқа жазған ашық хатын.

Ақпанның 2-сінде Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Конституциясына толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғаны хабарланған. Бұл құжат президент Назарбаевқа елде кезектен тыс президент сайлауын тағайындайтын құқық береді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG