Accessibility links

«Домодедоводағы» жарылыс бойынша үш күдікті ұсталды


Ресейдің құқық органдары «Домодедово» әуежайындағы террорлық жарылысқа қатысы бар деген күдікпен үш адамды ұстап, екі кісіге іздеу жариялағанын ақпарат агенттіктері хабарлап отыр.

Ресейлік «Коммерсант» газетінің жазуынша, сейсенбі күні Ингушетия астанасының соты Мәскеу әуежайына жанкештілік террорлық шабуыл жасаған деген күдікке ілінген Магомед Евлоевтың кәмелеттік жасқа жетпеген інісі мен қарындасын қамауға алу туралы шешім шығарған. Тергеушілер ол екеуі ағаларына террорлық шабуылды ұйымдастыруға жәрдемдескен деген болжам айтып отыр.

Ал 20 жастағы Адам Ганжиевті тұтқындау туралы заң орындарының өтінішін сот бүгін қарайды. Олардан бөлек, Евлоевтің тағы бір туысы мен ауылдасына қылмыстық іздеу жарияланған.

Қаңтардың 24-і күні Ресей астанасындағы «Домодедово» әуежайының жолаушыларды қарсы алу залында болған террорлық жарылыстан 36 адам мерт болды. Бұл шабуыл үшін жауапкершілікті шешен бүлікшілерінің жетекшісі Доку Умаров өз мойнына алды.
XS
SM
MD
LG