Accessibility links

АҚШ Ливияны адам құқығы жөніндегі кеңес құрамынан шығаруды ұсынады


АҚШ БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесінің құрамынан Ливияна шығаруды ұсынады.

Бұл кеңестің алдағы дүйсенбіде Женевада өтетін отырысына АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон қатыспақшы. Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Муамар Каддафи басқаратын режим Ливиядағы жаппай наразылықты күшпен басып-жаншып азаматтарының құқығын өрескел аяққа таптап отыр деп мәлімдеген.

АҚШ президенті Барак Обама телефон арқылы Ұлыбритания, Франция және Италия басшыларымен Ливиядағы жағдайды талқылады. Оның алдында еуропалық жетекші саясаткерлер Каддафидің іс-әрекетін айыптады.

Бейсенбі күні Каддафиге бағынышты күштер бірқатар қалаларды бақылауына алған көтерілісшілерге қарсы ұрыс жүргізгені туралы хабарланып отыр. Халықаралық ұйымдар Ливияда қаза болғандар саны мыңнан асады деген болжам айтады.

Өзге мемлекеттер билікке қарсы жаппай наразылық жайлаған Ливиядан өз азаматтарын алып шығумен айналысып жатыр. Осы кезге дейін шетелдік ондаған мың адам Ливиядан эвакуацияланды.
XS
SM
MD
LG