Accessibility links

Кот-д'Ивуар астанасында БҰҰ өкілдеріне оқ атылды


Африкадағы Кот-д'Ивуар мемлекетіне қару-жарақ беруге салынған тыйымның бұзылғанын зерттеуге келген БҰҰ арнайы миссиясының өкілдеріне қарсы ел астанасында оқ атылған. Бұл туралы БҰҰ таратқан мәлімдемеде айтылды.

БҰҰ миссиясы "Беларусь бұл елге қару-жарақ эмбаргосы енгізілгеніне қарамастан Кот-д'Ивуар президенті Лоран Гбагбоның жақтастарына шабуылдаушы тікұшақтар мен әскери күштерге қажетті жабдықтар жеткізген" деген ақпарат бойынша тексеру жүргізбекші еді.

Кот д’Ивуарды ұзақ жылдар басқарып келген Гбагбо былтыр өткен президенттік сайлаудағы жеңілісінен кейін де билікті қолдан бергісі келмей отыр.

Қарашаның 28-інде өткен президент сайлауында Аллан Уаттараның жеңісін халықаралық қауымдастық мойындаған еді, алайда Лоран Гбагбо президенттіктен кетер сыңай танытпай отыр.
XS
SM
MD
LG